15 желтоқсанда «Жылдың үздік директоры – 2026» байқау басталады
2025-12-12 16:30
«The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры «Ustaz Ulytau» педагогикалық трансформация орталығы жобасына қатысатын мемлекеттік мектеп директорлары арасында «Жылдың үздік директоры – 2026» байқауының басталғанын хабарлайды.
“Ustaz Ulytau” жобасының бастамасымен өткізіліп келе жатқан “Жылдың үздік директоры” байқауы екінші жыл қатарынан Ұлытау, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы мектептер үшін кәсібиліктің жоғары өлшемін қалыптастырып отыр. Қазіргі таңда байқау тек жобаға қатысушы мектеп директорларына арналғанымен, алдағы мақсатымыз – оның мәртебесін республикалық деңгейге көтеріп, ел көлеміндегі маңызды оқиғаға айналдыру, — дейді қазылар алқасының мүшесі Раиса Ешимова. — Биыл біз білім беру көшбасшыларынан жаңа технологияларды меңгерудің өзінен бөлек, мектептің шынайы инновациялық және шығармашылық әлеуетін көрсете алатын серпінді жобаларды күтудеміз».
Байқау қашықтан өткізіледі және екі кезеңнен тұрады. I кезеңде қатысушылар соңғы үш жылдағы мектеп жұмысының нәтижелерін қамтитын портфолио мен директордың басқарушылық философиясын және трансформация бойынша нақты кейстерін ашып көрсететін «Кадрдағы лидер» бейнеролигін ұсынады. II кезеңге өткен финалистер қазылар алқасы алдында Zoom-презентация форматында инновациялық басқарушылық жобаны дайындап, қорғауы тиіс. Байқау жеңімпазы жетекші білім беру ұйымдарында кәсіби даярлықтан өтіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады. Бұл өңірлік білім беру жүйесіне жаңа тәсілдер мен заманауи шешімдерді енгізуге жол ашады.
Салтанатты марапаттау рәсімі Тараз қаласында өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында ұйымдастырылады.
Өтінімдер мемлекеттік және орыс тілдерінде bestprincipal2026@uef.kz электрондық поштаға қабылданады.
«Жылдың үздік директоры – 2026» байқауы – өзіңізді танытудың, лидерлігіңізді көрсетудің және Ұлытау, Қарағанды мен Жамбыл облыстарының заманауи мектебін дамытуға қатысты өз көрегендігіңізді ұсынудың тамаша мүмкіндігі!